Алматы қ., Республика алаңы, 15
ДБ - ЖМ : 09:00 - 18:00
20 шілде, 2022

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болған, оларға 54 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілген. Қаржы пирамидаларын құрушылар қатысушыларға аз ғана уақыт аралығында кепілді, жоғары табыс көзіне кенелетіндеріне уәде беріп, тартады. Алайда, қатысушылардың белгілі бір саны мен тиісінше салымдар жиналғаннан кейін ұйымдастырушылар барлық ақшамен іздерін суытады.

Fingramota.kz қаржы пирамидаларының негізгі түрлері мен белгілері жөнінде тағы да еске салады.  

Өткен жылдардың пирамидалары …

Алғашқы пирамидаларды құрушылар қатысушыларды «ұзын құлақ» арқылы тартқан. Мысалы, 1717 жылы Францияда шотландтық Джон Ло құрған «Миссисипийлік» атты компания аталған ұйымның акцияларын сатып алған бай француздарға керемет байлық көзі мен шексіз мүмкіндіктер туралы қауесеттер таратқан.

Акцияның бастапқы бағасы 500 ливрді құрайды. Франция азаматтары бұл ертегіге сенеді де жаппай акциялар сатып ала бастайды. 1719 желтоқсанда компанияның акцияларының бағасы 10,000 ливрден асып түседі. Халық бүкіл дүние-мүлкін сатып, акциялар сатып алу үшін қарызға батады. Барлығы табысқа кенелудің жеңіл көзін таптық деп ойлайды. Алайда, біраз уақыт өткеннен кейін акционерлер бағаның шамадан тыс шарықтатылғанын түсінеді де акцияның бағасы сол жоғары қалпында тұрғанда акцияларын дереу сату туралы шешім қабылдайды. Бір акцияның бағасы 10 мың ливрдан 1000 ливрге дейін төмендейді. Содан кейін акциялар құнсызданып, адамдар соңғы тиынына дейін бәрінен айырылады.

ХХ ғасырдың басында осыған ұқсас әдісті итальяндық иммигрант Чарльз Понци АҚШ-та сәтті қолданды. Бостонда Понци арбитраждық мәмілелермен айналысатын «Бағалы қағаздармен алмасу компаниясы» атты кәсіпорнын тіркейді. Понци салымшыларға 90 күн ішінде 50 пайызға уәде береді. Бұл сол кездегі 5 пайыздық жылдық мөлшерлемеден 200 есе көп болған. Итальяндық баспасөздегі тапсырыспен жазылған мақалалар арқылы қоғамдық сананы шебер басқарып, өзінің кәсіпорнына деген қызығушылығын оятады. Іс жүзінде оның компаниясының салымшыларына төлемдер жаңа қатысушылар есебінен жүзеге асырылды. Бұл - қаржы пирамидасының басты және айқын белгілерінің бірі!

Атышулы MMM қаржы пирамидасын 1989 жылы Мавроди құрған. Бастапқыда компания тек компьютерлер мен олардың құрамдас бөліктерін сатумен айналысқан, ал 1994 жылдан бастап ол аз уақыт ішінде аса жоғары табысқа қол жеткізуге болатындығына уәде беріп, акцияларды шығарып, инвесторларды тарта бастады. MMM акциялары биржада сатылды, ал оларды сатып алу және сату құнын компания өзі анықтады. Жаңа қатысушыларды тарту үшін ұйымдастырушы осы қаржы пирамидасының қызметін жарнамалаған телехикаялардың танымал және халық жақсы көретін актерлерін тартты.

… қазіргі заманғы пирамидалар

Қазіргі уақытта алаяқтар мен қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар - бұл жай ғана «шақырушылар» емес, олар – ІТ-технологиялар саласындағы білікті мамандар, жақсы психологтар мен адамдардың эмоцияларын басқара алатын шешен адамдар. Қазіргі кезде қаржы пирамидаларын құруда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер маңызды рөл атқарады.

Классикалық пирамида

 Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар компаниялар құрады және оларды аса жоғары табыс табуға болатындығына сендіріп, аңғал адамдарды тартады. Өткен ғасырлардағы сияқты, мұндай пирамиданың да схемасы – қаражатты жаңадан келгендер есебінен төлеу. Біраз пайда тапқан алғашқы салымшылар өздерінің орасан зор пайдаға қол жеткізгені туралы «қуанышты» жаңалығымен бөліседі және оған өз туыстарын, достарын және таныстарын тарту арқылы аталған жобаны интернетте белсенді түрде жарнамалайды.

Кейде мұндай компаниялар клиенттерге пайыздардан бөлек жаңадан тартылған қатысушылар үшін сыйақы төлейді. Бірақ бұл компаниялардың қызметін желілік маркетингпен шатастыруға болмайды. Желілік маркетингте де тартылған адамдар үшін белгілі бір пайыздар төлейді, бірақ оның негізінде өнім болады, сол өнімді сатқаны үшін дистрибьюторлық желінің қатысушылары нақты пайда табады, ал қаржы пирамидасы салымшылардың ақшасына негізделеді.

Онлайн-ойындарға бәс тігу

 Букмекерлік кеңселер - белгілі бір оқиғалардың, көбінесе спорттық ойындардың нәтижелеріне бәс тігулерді онлайн режимінде де қабылдайтын ұйымдар. Олар ойындар нәтижесінің ықтималдығын бағалайды және әр ықтимал нәтижеге өз коэффициенттерін қояды. Осы ұйымдардың қызметі «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңымен реттеледі.

Заманауи қаржы пирамидасы букмекерлік кеңселердің атын жамылуы мүмкін, олар салынған бәс тігулердің міндетті түрде ұтатынына сендіре отырып, клиенттерді өздеріне тартады. Ресми букмекердің қызмет жүргізуге арналған лицензиясы болса және бәс тігулерді жүзеге асыру кезінде кассалық немесе электрондық чек пен бәс тігулерді растау купонын берсе, ал алаяқтық ұйымдарда ресми лицензия болмайды және олар көбінесе мессенджерлер арқылы «жалған» чектер жібереді.

Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары «серіктестік бағдарламаларды» пайдаланады, олардың қатысушыларын спорт оқиғаларының нәтижелеріне қарай емес, бәс тігуге неше адам әкелетініңізге байланысты қомақты пайдаға кенелесіз деп сендіреді. Мысалы, сіз белгілі бір соманы салуыңыз және сіз оларды тарту арқылы қосымша бір дивиденттер алатын белсенді екі клиентті тартуыңыз керек. Нәтижесінде пирамида жаңа «инвесторлардың» ақшасы есебінен белсенді дами бастайды.

«Жоқ нәрсені» инвестициялау 

Бұл - пирамиданың жаңа түрі. Оның схемасы мынадай - желіде сізге қомақты табыс әкелетін онлайн-жобаны инвестициялау ұсынылады. Қарапайым схемадан айырмашылығы - сізге жаңа мүшелерді тартудың қажеті жоқ. Сізден белгілі бір соманы енгізуді сұрайды және жоба іске қосылғаннан кейін қомақты пайдаға кенелесіз деп сендіреді. Алайда, мұндай пирамиданы ұйымдастырушылар айтарлықтай соманы жинағаннан кейін жобаны жауып, жоқ болып кетеді. Біраз уақыттан кейін олар жаңа жобаның жаппай жарнамасын жариялай бастайды және солай қайталана береді.

 

Пирамида ғұмырының үш кезеңі 

Бірінші – қаржы пирамидасын құру. Әдетте, қатысушылар аздаған, сондай-ақ айтарлықтай көп сома енгізсе де ұйымдастырушылар бірінші қатысушыларға өз қаражатынан уәде етілген табысты төлейді.

Екінші – қаржы пирамидасын көпшілікке тарату. Құныққан салымшылар қатысушыларды, оның ішінде таныстары мен туыстарын бірінен соң бірін тарта бастайды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар әйгілі блогерлерді, жұлдыздарды тарту арқылы әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнаманы пайдаланады. Бірақ бұл кезеңде жаңа қатысушыларға сыйақы жеке қаражат есебінен емес, жаңадан тартылған адамдардың есебінен төленеді.

Үшінші – пирамиданың сөзсіз құлдырауы. Ол белгілі бір қатысушылар саны мен қомақты сома жиналған кезде орын алады. Оңай әрі жедел қол жеткізуге болатын пайдаға сеніп келген адамдар сыйақыдан да, өз ақшасынан да қағылады. Сондай-ақ, оларды қандай да бір жолмен қорғау мүмкіндігі болмайды, өйткені Қазақстанда қаржы пирамидаларының қызметі заңсыз әрі тыйым салынған, демек пирамида ұйымдастырушылары қол қойған құжаттардың ешқайсысы заңды күшке ие болмайды.

Сізді қаржы пирамидасына тартқан жағдайда, абай болыңыз. Оны мына белгілері арқылы танып-білуге болады: 

• Кіріс жарнасын енгізуді ұсынады;

• Нарықтық деңгейден бірнеше есе артық жоғары пайда табатыныңызға кепілдік береді;

• Интернетте, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жарнама кампаниясы арқылы салымшыларды белсенді түрде тартады;

• Басқа клиенттерді тартқаны үшін сыйақы беруді уәде етеді;

• Компанияның қаржылық жағдайы туралы нақты ақпарат болмайды;

• ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген халықтың ақшалай салымдарын тартуға арналған лицензия немесе бағалы қағаздар нарығында қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы болмайды.

Кез келген қаржы пирамидасының бір күні болмаса, бір күні міндетті түрде құлдырайтынын және уәде етілген қомақты пайданың орнына сіз өзіңіздің барлық салымдарыңыздан бір сәтте айырылып қалатыныңызды естен шығармаңыз.

Өзіңізге, ақшаңызға абай болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

Источник: https://fingramota.kz/kk/post/arzhy-piramidalary-zhaany-barlyy-mytyl-eski-dnie